Құқық

Татуласудың да реті бар

Сот төрелігін жүргізуде судья заңға ғана тәуелді.  Бұра тартпай, қара қылды қақ жарып, тек қана заң талаптарына сәйкес әділ билік айту — сот төрелігін жүргізуші судьяның қасиетті борышы.

Ойыл аудандық сотының сот төрелігін жүргізудегі қылмыстық істерге  назар аударатын болсақ, қылмыстық істердің 2008 жылы 80,7 пайызы, 2009 жылдың 9 айында 43,7 пайызы ҚР Қылмыстық Кодексінің 67-бабының талаптарына сәйкес жәбірленушілер мен қылмыс жасаған адамдардың татуласуына байланысты сотқа берілген адам қылмыстық жауаптылықтан босатылған.

Оқырманның ой зердесіне ұсынғалы отырған мәселе — қылмыстық істер бойынша жәбірленуші мен қылмыс жасаған  адамның татуласуына байланысты қысқарған істердің аз немесе көп мөлшерін ескеретін санда емес, қылмыстық процеске қатысушы жәбірленуші мен сотталушының татуласу құқығында.

Тараптарды татуластыру институтын дұрыс қолдану жәбірленушінің қылмыстық процестегі ролі мен белсенділігін арттыруға, оның  бұзылған құқықтары мен бостандықтарын тез қалпына келтіруге жәрдемдеседі. Сонымен бірге кішігірім немесе орташа ауырлықтағы зиянның есесін қайтару арқылы жағымды тәртібімен танылған адамдарға адамгершілікпен қарауға бағытталған.

Қазақстан Республикасы ҚК-нің 67-бабының 1-бөліміне сәйкес ауыр емес қылмыс жасаған немесе адамның қайтыс болуымен немесе оның  денсаулығына  ауыр зиян келтіруімен байланысты емес орташа ауыр қылмысты бірінші рет  жасаған адам, егер ол жәбірленушімен татуласса және келтірген зиянның есесін толтырса, қылмыстық жауаптылықтан босатуға жатады.

Аталған баптың 2-бөліміне сәйкес орташа ауыр қылмысты бірінші рет жасаған адам, егер ол жәбірленушімен татуласса және келтірілген зиянның  есесін толтырса, қылмыстық жауаптылықтан босатылып, қылмыстық ісі міндетті түрде қысқартылуға жатады. Бұл заң талабы.

Зиянның  есесін толтыру бүлінген мүлікті қалпына келтіру, ұрланған мүлікті  қайтарып беру немесе тап сондай мүлікті ұсыну, ақшалай өтем төлеу, дәрі-дәрмектерді сатып әперу, жәбірленушінің алдында кешірім сұрау түрінде және заңмен тыйым салынбаған басқа да нысандарда болуы мүмкін.

Татуласу жәбірленушінің қылмыс жасаған адамға қарсы қозғалған қылмыстық істі тоқтату (қысқарту) туралы өтініші түрінде беріледі.

Жәбірленушінің өз еркін білдіру жазбаша арызбен рәсімделеді. Бұл орайда жәбірленуші алдын ала тергеу, анықтама жүргізу кезінде қылмыс жасаған адамға қарсы қозғалған істі қысқартуға өтініш білдірсе, жәбірленушінің бұл өтініші сұрақ алу хаттамасына сот отырысында білдірсе, сот отырысы хаттамасына енгізіліп көрсетіледі.

Жәбірленуші татуласу құқығын жүзеге асыру кезінде өз еркін ерікті түрде және емін-еркін білдіруі іс бойынша дәлелдеу пәніне кіреді. Жәбірленушінің кімнің болса да күштеуімен берген арызы қылмыс жасаған адамды қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін негіз бола алмайды.

Басқа адамдардың (туыстардың, дос-жарандардың, қызметтестердің, мемлекеттік ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінің және т.б.), тараптардың келісімі бойынша татуласу рәсіміне қатысуы жәбірленушінің еріктілігін және татуласу құқығына еркіндігінің барлығын білдіреді.

Қылмыстық қудалау (анықтама, алдын ала тергеу) органдары мен сот қандай да болмасын мақсатпен тараптардың татуласу процесіне қатысуға құқықты емес, олар бар болғаны жәбірленуші мен қылмыс жасаған адамның татуласу құқығын, негіздері мен тәртібін түсіндіреді және татуласу құқығын тараптар заң талаптарына сәйкес қолданған жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босата отырып, істі қысқартуға процессуалды шешім қабылдайды.

Сот төрелігін жүргізуде қысқартылған қылмыстық істер бойынша біреуінен дерек келтірейік. 2009 жылы 18 қыркүйекте Ойыл аулы Көкжар көшесі бойында орналасқан «Еуропа тауарлары» дүкенінен бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған А.Н.Д. деген азаматша, салмағы өлшеніп сатылатын, бұрын еуропалықтар тұтынысында болған, құны 1872 теңге тұратын қара түсті джинсы шалбарын жасырын ұрлап, жәбірленушіге зиян келтіргені үшін қылмыстық  қудалау органы тарапынан ҚР ҚК-нің 175-бабының 1-бөлімімен қылмыстық іс қозғалған. Қылмыстық оқиғаның мән-жайына қарағанда, ұрланған мүлік оқиға болған күні жәбірленушіге қайтарылған. Бірақ белгісіз себептермен  қылмыстық қудалау органы тарапынан тараптарды татуластыру институты  дұрыс қолданылмай, қылмыстық істі айыптау хаттамасымен сотқа берілген, іс  сотта ҚР ҚК-нің 67-бабының 1-бөліміне сәйкес қысқартылған.

Қылмыстық қудалау органдары келтірілген  деректер шеңберіндегі қылмыстық істерді сотқа жолдағаннан гөрі, заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес анықтама жүргізу, алдын ала тергеу жүргізу сатысында істі сотқа жолдамай-ақ, тараптарды татуластыру институтын дұрыс қолданса, ол процестегі тараптарға да, процеске қатысушы куәларға да, одан қала берді мемлекет пен азаматтардың қаржысын  үнемдеуге әлдеқайда тиімді болар еді.

Солай бола тұрса да, қылмыстық қудалау органдары қылмыстық істер  бойынша орташа ауыр қылмысты бірінші рет жасаған адам, егер ол жәбірленушімен татуласса да, келтірген зиянның есесін толтырса да, заң талаптарына сәйкес анықтама жүргізу, алдын ала тергеу жүргізу кезінде айыпталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатып, қылмыстық ісін қысқартуды жөн көрмейтін сияқты.

Әрине, бұл жөнсіздік заң талаптарына қайшы болғанмен, қылмыстық қудалау органының ұпайын түгендеуге тиімді шығар.

Татуласу институтын дұрыс  қолданбау, адам құқытары мен бостандықтарын қорғау жолындағы  заңдылықты қолданбау, адамның конституциялық құқығына нұқсан келтіру болып табылатынын ескерген жөн.

Аманғали ҚАРЖАУОВ,

Ойыл аудандық сотының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button